«Тақиялы періште». 22 қыркүйек, 20.00

«Тақиялы періште» — Кеңес уақытында түсірілген қазақ комедиясы. Режиссері — Шәкен Айманов. Фильм Алматы қаласында түсірілген.
«Тақиялы періште» деп фильмнің басты кейіпкері — география пәнінің мұғалімі Тайлақты еркелетіп атайды. Тайлақ — алпамса денелі, періште мінезді, кең пейілді жан. Ол өз анасынан артық шеше жер бетінде жоқ деп санайды. Сонымен қатар Тайлақ тіпті дастарқан басында өзінің сүйікті тақиясын басынан тастамайды. Ұялшақ «періштенің» бойдақ өміріне балта шапқысы келген анасы Тана ұлына қосақ іздеп, Алматыға келеді. «Еркекке жалғыз өмір сүруге болмайды, оның қасында анасы, жоқ дегенде әйелі болуы қажет», – деп пайымдайды.
Келін іздеу барысында ол оған өз көңілін білдіре бастаған Нияздың отбасымен танысады. Осы кездерде Тайлақ көрікті Айшамен танысады. «Періштенің» анасы ұлының таңдауын бірден қабыл алмайды. Айшаның әкесі — кезінде Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайқып шыққан Тайыр екені белгілі болады. Мұндай жайтты ұмыту қиын. «Періштеге» тұрмысқа шығуды сыра сатушы Алтыншаш та аңсайды. Сатушының артынан түсуден құтылған Тайлақ Айшаға үйленуді ұсынады. Нияз болса, Тананың оған әйел болуын қалайды.
Осы бір көңілді оқиға қос тоймен аяқталады.