«Хабар» және «El ARNA» телеарналары XXIV Қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді

«Хабар» және «El ARNA» телеарналары XXIV Қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді

«Хабар» Агенттігі» АҚ мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ ел аумағында 2022 жылғы Қытайда өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ресми хабар тарату құқығын иеленді.
Қазақстандықтар 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және EL ARNA телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Олимпиада ойындарының іріктеу жарыстары 2 ақпаннан басталады.

XXIV Қысқы Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасында 87 жолдама иеленген 34 спортшы бар. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

«Хабар» және EL ARNA телеарналарындағы спорттық көрсетілімдерді Айбек Қабылшаев, Рауан Оқасов, Айдар Махметов, Евгений Акманов, Ербол Каиров және Аян Кушбаев есімді спорт комментаторлары жүргізеді. «Хабар» және EL ARNA телеарналарының эфирінде күн сайын жарыс күнінің қорытындысы «Бейжің 2022 Олимпиада ойындарының күнделіктері» көрсетілетін болады.

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында трансляцияларға Есей Жеңісұлы, Руслан Бақытжан, Тимур Сүлейменов, Сергей Райлян, Ерсін Ерікұлы, Уәлихан Қосанбай, Самат Қанағатов, Александр Олейник, Дидар Қадыров, Данила Малышев, Жігер Әзберген, Әсем Нұрланова, Лилиана Әлжанова, Индира Бектенова комментаторлық етеді. «Qazaqstan» телеарнасындағы Олимпиада ойындарының ашылу, жабылу салтанаты мен жарыстар толықтай қазақ тілінде жүргізіледі. Комментаторлармен бірге тікелей эфирге қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорт сарапшылары шақырылады. Әрбір жарыстың алдында және жарыс күнінен кейін «Бейжің-2022» атауымен тікелей эфирдегі студиялық бағдарламалар ұйымдастырылады.

Телеэфирден бөлек, олимпиадалық жарыстарды арналардың www.qazaqstan.tv, www.qazsporttv.kz, https://khabar.kz/kk/ba-darlama/onlajn-k-rsetilim және https://elarna.kz/ru/onlajn-translyatsiya ресми сайттары мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасынан көру мүмкіндігі бар.
XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17:55-те басталады. Қазақстан ұлттық құрамасы ел тарихында Қысқы Олимпиада ойындарында 8-ші рет бақ сынайды.