XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты

XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты

Бүгін, 4 ақпан күні, сағат 17:55-те «Хабар» телеарнасы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсімін көрсетеді. Осы жылдың ең маңызды және ең жарқын оқиғасын «ХАБАР» телеарнасынан көруге болады.
«Біз қысқы Олимпиада ойындарын трансляциялауға дайынбыз. «Хабар» Агенттігінің түсірілім тобы Бейжіңде өз жұмысын бастады. Команда құрамында тәжірибелі журналист Жандос Айтбай бар. Ол Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындарында жұмыс істеген тәжірибелі маман. Сондай-ақ іссапарға «Хабар» телеарнасының тілшісі Әмір Саменбетов жіберілді. Оператор – Дәурен Журхабаев. Олар күн сайын нон-стоп режимінде әлеуметтік желілерде қызықты ақпаратпен бөлісіп, жаңалықтар үшін материал дайындауда», – деді «Хабар» телеарнасының спорттық трансляциялар және бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Асқат Жақаев.
Қысқы Олимпиада ойындары кезінде «ХАБАР» телеарнасы 90-нан астам спорттық іс-шараның көрсетілімін өткізеді. Олардың арасында фристайл, шорт-трек, биатлон сияқты спорт түрлері бар. Спорттық іс-шараларды Аян Күшбаев, Рауан Оқасов, Евгений Акманов және Ербол Каиров сынды танымал комментаторлар жүргізеді.
«ХАБАР» телеарнасының эфирінде күн сайын жарыс күнінің қорытындысы «Бейжің 2022 Олимпиада ойындарының күнделіктері» көрсетілетін болады.
«Спортсүйер қауым үшін эфирден керемет эмоцияны барынша жеткізуге тырысамыз. Экранның арғы бетіндегі «Хабар» арнасының көрермендеріне Қытай төрінде болып жатқан көріністің әсерін сыйлауға барымызды салатын боламыз», – деді белгілі спорт комментаторы, «Хабар» телеарнасының спорттық трансляциялар және бағдарламалар бөлімінің продюсері Айбек Қабылша.

ОНЛАЙН көрсетілім: https://khabar.kz/kk/ba-darlama/onlajn-k-rsetilimм