«Хабар» Агенттігі Амангелді Сейітхан туралы деректі фильм ұсынды

Күні кеше белгілі журналист, комментатор Амангелді Сейітхандай біртуар азаматтың бұл дүниеден озғаны туралы суық хабар қазақ халқының қабырғасын қайыстырды.

Кез келген спорт шарасын «жеңісті күндерде жолыққанша» деп аяқтайтын дара тұлғаның жарқын бейнесін еске алу үшін «Хабар» Агенттігі «Арда туған Амангелді» деректі фильмін көрермен назарына ұсынды.

«Фильм Амангелді ағамыздың қазақ спорт журналистикасына сіңірген еңбегі, қазақ телевизиясында қалдырған қолтаңбасы, оның өзіндік болмысы мен ерекшеліктері туралы. Бұл туынды әріптес болған, қызметтес болған аға-іні, бауырларының естелік пікірлері, еліміздегі спорт федерациялары өкілдерінің берген сұхбаттарынан сыр шертеді», – деді жоба авторы Мырзабек Түсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, әйгілі спорт комментаторы, қазақ телевизиясының ардагері, ақпарат саласының үздігі Амангелді Сейітхан 52 жасында дүниеден озды. Ол 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастап, қазақ журналистикасының спорт саласын бір кісідей меңгерген ардагер журналист еді. 1997 жылдан бері «Хабар» Агенттігінде қызмет атқарды. Ол сонау жылдары айтыс аламанында да атой салған суырып салма ақын еді. Қалың көрермен іздеп отыратын, үлкенге ізетті іні, кішіге арқалы аға бола білген біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ аңыз адамға айналды.