Саумалдың шипасы. «Денсаулық философиясы»

Саумал — жылқының жаңадан сауылған сүті, дәмі тәтті, көпіршіп тұратын, жұмсақ әрі тез сіңетін қасиеті бар биологиялық табиғи өнім. Оны сабаға салқын қылып құяды. Қазақтар мұны сусындықтан гөрі дәрілік орнына көп пайдаланады, өйткені саумал адамға көп пайдасын тигізеді. Якуттарда мұндай қымызды «саамал қымыз» деп атайды. «Саумал ішсең – қымыз жоқ, бие мінсең – құлын жоқ» дегендей, саумалды кедейлер қымыз болмай қалғанда ішкен. Сарысаумал – күзде шөп әбден пісіп-жетілгенде сауатын саумал. Кейбір түркі халықтары саумалды шайға құяды, ондайда шайдың өңі қызылкүрең тартады. В. Радловтың сөздігінде саумал тек алғашқы қымыз деген мағынада ғана емес, сонымен қатар қымыздың жалпы атауы ретінде де қолданылған.