Ғажайып әлем. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі. 1-бөлім. «Хронограф-2021»

Шексіз кеңістік... арман, махаббат, қуаныш пен қайғы, оған қоса ой толғаулар... кенептің бетіне түскен бояудың кескіні өмірдің бір сәті! Әр суреттен өзіндік энергетиканы, рух пен күшті, тіпті көңіл-күйді асықпай мұқият қарасаңыз аңғаруға болады. Суретшінің қылқаламынан тамған әрбір бояу түсі мен рең өзінше дара, ешкімге ұқсамайтын ерекше таңба. Сезе білсең оның бояуларына тіл бітіп, сізбен сырласа алады. Ғажап әлемнің тұңғиығына түсіп, сезіне алу сөзбен жеткізе алмайтын ерекше бақыт! Мұражай ғасырлық тарихы бар, ерекше аманат, мұра. Музей сөзінің өзі грек тілінен аударғанда museіon – муза сарайы деген ұғымды береді емес пе? Олай болса, бұл ғимаратқа кірген әрбір адам, бойына қанат біткендей күй кешеді. Армандарға, қиялға ерік береді....

Музей - киелі орта. Мұндағы маңдайтермен жазылған әрбір жұмыстан ерекше энергетика байқалады. Ұлы суретшілердің сол сәттегі сезімі, картинаны салудағы ой толғаныстары мен көңіл күйінен сыр шертіп тұрғандай. Әбілхан Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейі әр заманның ұлы суретшілерінің ортақ үйі іспетті. Мұнда қазақ суретшілері ғана емес, Еуропаның, Голландия, Испания, Франция, Италия мектептерінен шыққан құнды дүниелер, біз үшін ғасырлық рухани азық. Әбілхан Қастеевтің шексіз кеңістігі секілді қазақ бейнелеу өнерінің құндылығы да ғасырдан ғасырға жалғасып арта береді...