Шолпы. «Заттар жайлы ақпар»

Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. Шолпыны екі үзбелі етіп, күмістен соғады. Қақталған күмістен үш бұрышты немесе сопақша пішінді етіп жасалады да, ортасына асыл тас орнатылады. Төменгі үлкен тұмаршасының етегіне шынжырлап немесе үзбелеп соғып, сөлкебай тіркелген бірнеше салпыншақ тағылады. Ол баулары арқылы бұрымға қоса өріледі. Дәстүрлі қазақ қоғамында шолпының – көзді шолпы (асыл тас қондырылған), қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы, ақықты шолпы, т.с.с. түрлері мен атаулары кездеседі. Шолпыны о баста әйелдер қара ниетті тылсым күштерден қорғану үшін тағып жүрген. Халық адамның жарты жаны шашта болады деп, оны қорғау мақсатында шолпы, шашбау таққан. Кейде олардың салмағы 3 кг-ға жеткен. Шолпы жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған.

Бағдарламаға қатысушылар: Жансая Қанатқызы – шолпының иесі; Бахаргүл Төлеген- коллекционер; Ләззат Тілеуқожақызы- ҚР Ұлттық музейінің Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері