Қазақ театры сахнасындағы Ромео мен Джульетта

Мен ешкім емеспін. Сіз де ешкім емессіз. Басқалар да солай... Егер «салыстыру» деген шешімге бағынатын болсақ, «салыстыру дұрыс» деп ойласақ қана. Екі нәрсені бетпе-бет қойып алып, салыстыру арқылы бір-бірінен артық-кем тұсын айту қиын емес. Десек те, салыстырып жатқан ұқсас дүниелеріміздің тарихына, жасына, кезеңіне, мекеніне мән бермеуге хақымыз жоқ. Мәселен, сіз мықты деп ойлап жүрген адамыңызды сол кісінің өзі мықты деп санайтын тұлғасымен салыстырып көрсеңіз, ол ешкім емес болып қалады. Дәл сол сияқты сол адамның қасында сіз де ешкім емессіз. Әйтеуір салыстыруға құлшынып-ақ тұрамыз. Салыстыруды жақсы көретін адамдар үшін тек «өзі қолдайтын жағы басым болса ғана» осы жүйе сүйкімді көрінеді ме деп қаламын...

Әйгілі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы» жер беті театрларының асыл қазынасы екендігі даусыз. Дәл осы тақырыптың мюзикл нұсқасы да әлемдік сахналарда қойылып, көрерменге ұсынылып, жоғары бағасын алып үлгерді. Классикалық пьесаның негізінде композитор Жерар Пресгурвик жазған «Ромео мен Джульетта» мюзиклі әлемдік сахналардан әдемі сахналарға секіріп жүріп Сарыарқаның да сайын даласына сап ете қалды. Бүгінгі таңда француз, голланд, орыс, ағылшын, неміс, итальян,  корей, жапон, испан, иврит тілдерінде қойылған мюзиклді белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбайға қазақшалап, «Astana Musical» Жастар театры сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров өзіміздің мемлекеттік тілде сөйлетті.

Бір жарым ай уақыт ішінде 30 мәрте сахнаға шыққан мюзикл әр қойылған сайын көрерменін көбейтіп отырды. Таңдай қағып: «бізде де мұндай бар екен-ау!» – деп жатқандарға өз көзім куә. Қала қонақтары мен тұрғындары, әсіресе жастар қауымы аталмыш мюзиклді жанына жақын тұтты. Жас театрдың да, жаңа дүниенің де жеңісі осы болатын.

Дәл осы мюзиклдің Париждегі түпнұсқасын көргендер қатарынан қазақша мюзиклді қабылдамай жатқандарды да байқадық. Жоғарыдағы салыстыру туралы айтылған ойымның негізі осы жерде жатыр. Әлемдік мюзикл – бізден 1 ғасыр алда өмір сүріп келе жатқан абыз өнер. Онымен тереземізді теңестіру – жылжыған жылдардың еншісіндегі еңбек. Негізі біздің қазақ тұсауын енді ғана кескен баланың екі аттап барып сүрінгеніне күлмейтін, керісінше оның жүргісі келіп тырысқанына сүйсініп, тілекші болатын.

«Astana Musical» Жастар театры – еліміздегі тұңғыш кәсіби әрі осы бағытта жұмыс жасап жатқан жалғыз мюзикл театры. Жақында ғана жоқтан барды жасап отырған осы театрға жолым түсті. Жаңадан қойылғалы жатқан «Қыз Жібек» мюзиклінің қызу дайындығына тап келіппін. Дайындықтан соң, қазақ сахнасындағы Ромео мен Джульеттадан сұхбат алу пешенеме жазылса керек.

Саламат Мұқашев

Астана қаласы, «Astana Musical» Жастар театрының актері

Мен

1992 жылы Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданы Ащысай аулында өмір есігін аштым. Әкем – музыкант, анам – мұғалім. 2007 жылы орта мектепті, 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе агротехникалық колледжін, 2015 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Музыкалық театр артисі» мамандығын тәмамдадым. Жетекшім – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер А.Маемиров.

Мюзиклге дейінгі жол

Театр сахнасындағы сапарым туған өлкем Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы қазақ драма театрынан басталды. М.Байджиевтің  «Махаббат жағалауы» (Азиз), Ж.Мольердің «Еріксіз емшісі» (Леандр), Р.Отарбавтың «Нашақоры» (Жалқытай) – менің «Astana Musical» Жастар театрына дейінгі жолдағы аялдамаларым, бұрылыстарым. Театрдың ішкі асүйімен танысу, сахналық бой үйрету, актерлік шеберлікті шыңдау секілді мектептерім де солар.

«Astana Musical» Жастар театры

Мюзикл – бізге енді ғана келіп жатқан, ал әлемде әлдеқашан дамып кеткен сахна өнерінің ерекше түрі. Ол – менің ұғымымда театрға қатысты барлық өнер саласының басы қосылған, орындаушыларға күрделі, қабылдаушыларға жеңіл бағыттағы сахналық қойылым. Айтар ойы бар оқиғалар, әдемі безендірілген сахналар, көздің жауын алатын түрлі-түсті киімдер, жан-жақтан құйылып-төгіліп жатқан жарық пен музыка  халыққа жағымды көңіл-күй сыйлап, келген көрермен ләззат алып кететін әсерлі мекен.

Әр театрдың өзінің алға қойған мақсаты, бағыты, жолы, сонымен қатар өз көрермені бар. Бізге жас болғаннан соң сынап қарайтынын түсінеміз. Оңай ештеңе жоқ. Дәлелдеу үшін, мойындату үшін еңбектеніп жатырмыз. Біздің ерекшелігіміз – бір сахнада билеп келіп, екінші сахнада әнді жалғастырып, оның үстіне актерлік шеберлікті ұмыт қалдырмай, өзіңнің сызығыңды жоғалтпай, физикалық жағынан мықты, логикалық жағынан сауатты болу. «Astana Musical» Жастар театры – бүгінгі таңда осы бағытта жұмыс жасап жатқан Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз мюзикл театры. Бағым болса да, сорым болса да, мен осы театрдың актерімін!

Репетиция

Тосын жайлар мен жаңа идеялардың ортасына қамап алатын премьераға дейінгі үрдіс қой. Шығармамен танысу, әріптестерді түсіну, сезіну секілді баспалдақтармен көтеріліп, ойнайтын кейіпкеріңді барлық қырынан зерттеп, санаңа суретін салып беретін кезеңнен кім қашыпты?! Әр күнгі жеткен жетістіктердің қуанышы, жұмыстың жүру барысы сол ортаға ғана арналған әзіл-қалжыңдар, ып-ыстық қимастық болып қана есте қалатын сәттердің куәсі де осы. Алайда қызығы мен шыжығы қатар жүретін осы жолдың бір бекетінен жаңа нәрселер тауып қуанып жатып, екінші аялдамасында маңызды дүниелерді жоғалтып мұңаясың. Сәтсіз қимылдар, оқыс іс-әрекеттер, қолайсыз қозғалыстар жүгімізді бірге көтерісіп жүрген кейбір қол-аяқтарды қатардан шығарып тастап жатады. Сондай себептермен де премьераға дейін дайындалып келген актердің орнына аз уақыт ішінде басқа актердің орналасуы жағдайды одан бетер күрделендіріп жібереді. Оның барлығын көрермендерге айтып, түсіндіріп отыра алмайсың. Репетиция деген сахнаның қадірін, киесін сезіндіретін жұмсақ әрі еркін, бірақ қиындыққа, тәуекелге толы еңбек жолының қатал түрі деп есептеймін.

Премьера

Туған мекеннің топырағында, ата-анамның жанында жүрген кездерде, сәл ғана ойыммен оңаша қалған шақтарда не үшін, қалай, қашан екенін білмесем де, Алматыға немесе Астанаға кететінімді іштей сезіп жүретінмін. Ол сәттерде армандар «аяқсызбын», қиялдар «қанатсызбын» дегенді білмейтін, тек ұмтылысқа, биіктерге ғана көз салатын тұнық жастықтың немесе балалықтың кезеңі секілді. Ақыры сол арман мені қалауымдағы екі қаламен де табыстырып тынды! Алматы қаласында оқу бітіріп, маман атандым. Ал Астана қаласындағы «Astana Musical» Жастар театрында «Достар серті» мюзиклімен алғаш шымылдық түрген кезде премьерадан кейінгі сезім осының барлығын көз алдымнан зыр еткізіп өте шықты. Қаумалаған көпшілік, айқай-шу, үзілмейтін құттықтаулар, құшақ-құшақ гүлдер, жүрегі нәзік әріптестердің қуанышты көз жасы, телеарналар мен журналистер... Бір сөзбен айтқанда, өнердегі өмірде тіршілік еттім. Алғашқы премьерадан алған әсерімнің, кешкен күйімнің тәттісі де, ащысы да бар. Бірақ ол нақтылығын жорытпайтын жұмбақ сезім болып қана есіме түседі. Мен үшін премьера деген осы.

Актер

Басты рөлді ойнау – әр актер үшін арман әрі мақсат. Актерлер басты рөлдерді ойнауды бала кезден армандайды. Олар сол үшін оқиды, тырысады, уақытын сарп етеді. Оқуын бітірген соң дипломын алады. Не үшін сонда? Басты рөлді ойнау үшін. Мен маман ретінде ойнауға міндеттімін деп санаймын. Егер ойнамайтын болсам, басқа мамандықты таңдауым керек еді немесе басқа салаға баруым керек еді. Осы жолға түстім екен, демек менде шегінетін жол жоқ. Мүмкіндігіме, қабілетіме байланысты бұйырған рөлдерді ойнап келемін.

Театрдағы эгоизмнің дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Егер менің көп спектакльдерде басты рөлде ойнағанымды көре алмайтын қатарластарым, әріптестерім болса, оларға айтарым: «қолдарынан келсе, сахнаға шықсын да, менен тартып алсын!» Мен қазір жаспын, өзімнің жасыма сай келетін кейіпкерлерді ойнап үлгеріп қалмасам, уақыт өтіп кетеді.

Режиссер

Режиссер – педагог, режиссер – айна, режиссер – қоюшы. Бойында осы қасиеттердің бәрі бар маманды «нағыз режиссер» деп атау керек.

Біздің режиссеріміз Асхат Маемиров қазір қандай қызметте жүріп, қандай абыройлы болса да, біз ол кісіні оған дейін танимыз. Аға әрі ұстаз ретінде білеміз. Ол – өмірге де, өнерге де үйреткен, бағыт-бағдар берген адам. Асхат Маемиров студент кезімізден ұстазымыз болды, солай қалады да! Шәкірттері үшін көп мүмкіндіктер жасап, өнер жолынан орын табуға ерекше көмектесті. Театрдағы міндеттер мен мақсаттардан бөлек «ағайдан ұят болады» деген жауапкершілікті өзінің қатысуынсыз, біздің ұятымызға тапсырып қойған адам.

Актерлермен жұмыстану тәсілі өнерге деген махаббатқа толы. Баурап, қызықтыру арқылы дайындық өткізеді. Өмірдегі көріністерден мысалдар келтіре отырып түсіндіріп, ұсынған ойын қорытуға жеңіл етіп, нақты тапсырмалармен ғана жұмыс жасайды. Қай актерге қандай талап қою керек екенін, кіммен қалай сөйлесу керек екенін өте жақсы білетін маман. Репетицияға кірген кезден бастап бұл жерде өзінің режиссер екенін сыртқы келбетімен, өзін ұстауымен-ақ танытып, бәрімізді бағындырып алатын тәсілі бар.

Сүйікті рөл

Ромео – әрбір актердің ойнағысы келетін арман кейіпкер. Ал мен үшін ол алғашында үлкен қорқыныш, сенімсіздік қана болды. Себебі бұл үлкен рөл, әлемдік классикалық шығармадағы кесек кейіпкер болғандықтан, театрға енді ғана келіп тұрған тәжірибесі аз актер үшін қорқыныштан басқа не болуы мүмкін?! Мен оның кім екенін, қандай екенін оқып, көріп, іздендім, бірақ қалай ойнау керектігін бірнеше мәрте ойнағаннан кейін барып түсіне бастадым. Мен актер ретінде өзім ойнайтын Ромеоны психологиялық, физикалық қырынан тереңірек дамытып, пластикалық, вокалдық жағын да сахнада тең ұстай жүріп, оны ішкі жан-дүниесі толық ашылған кейпкердің дәрежесіне жеткізгім келеді. Ал дәл қазіргі жасап қойған Ромеом – менің қазіргі бойымда бар қабілетім мен аз тәжірибемнің жемісі ғана.

Көрермен

Орынсыз мақтау өнерді өлтіреді. Көпшілік көзіне сүйкімді болу өмір сүруге құлшынысыңды арттырады. Сахна биігінде тұрған кезде өзіңнен төменде отырған көрермендерден әлдеқайда аласа екеніңді, әлсіз екеніңді естен шығаруға хақың жоқ. Мен үшін көрермен – көз алдымдағы нәзік жаратылыс. Ал олар үшін керісінше мен сондаймын. Кімде қате кетсе, сол бүлдіреді. Егер мен бірдеңені дұрыс жасай алмай қалсам, жаңағы жаратылысты нәзіктігінен айырып, қарсы алдыма қаталдық қамалын орнатып аламын. Ал көреремен тарапынан менің мекенжайыма ыңғайсыздық ұшқын атса, өзім үзіліп кетемін. Бұл – сахнадағы сезімім. Таныстардың сен үшін қуанғаны, құттықтап тілекші болып жатқаны ешкімнің де жүрегіне кері әсерін тигізетін нәрсе емес, әрине. Бірақ танымайтын адамдардың ізгі тілегін тыңдаудың, қойылымнан кейінгі рахмет естудің жөні бөлек екен. Актердің бір бақыты осы шығар. Жақсы тілек жаныңды жадыратып, одан сайын жоғары дәрежеде өнер көрсетуге деген ниетпен табыстырады.

Кино

Сериалдарға шақырту алғаныммен, кинода бағымды сынап көрмеппін. Алдымен тірі өнерді сезініп алғым келеді. Реті келіп жатса киноға да түсе жатармыз. Бірақ бірінші көрермен алдында, сахна үстінде ширап алып, содан кейін камерамен бетпе-бет келген дұрыс шығар. Дәл қазір мен театр сахнасында еңбектеніп жүрмін, сол еңбегім мені шынықтырып жатыр деп ойлаймын.

Мақтаныш

Менің әкем – арнайы білімі болмаса да, өнерде орны бар адам. Өнеріме нағыз шынайы баға беретін, қандай пікір айтса да, жанашырлықпен жеткізетін жан. Сол кісінің адында спектакль ойнасам, «шіркін-ай, баласының не істеп жүргенін көрсе екен» деп ойлайтынмын. Өйткені анам мені сахнадан бірнеше рет көрген, ал әкеме баласын театрдан көретін уақыт бірде-бір рет бұйырмапты. Сол кезде, премьера күні, сырқаттанып жүрсе де, Алла сәтін салып елеулі қуанышыма ортақтасып келіп, өнерімді тамашалады. Мюзикл біткен соң көрермендердің арасынан жүзіне күлкісін жиып алып, мерейі көтеріліп, адал жүрегі алып-ұшып, қуанып, «балам, балам» деп келе жатқанын сахнадан көріп тұрып, көзіме жас алдым. Жүрегім ерекше толқып, өзгеше сезімді бастан кештім. Сол сезім көрермендер залындағы әкем мен сахна үстінде тұрған менің көздерімнің арасындағы сөзбен суреттей алмайтын сезім еді. Әкемнің мақтанышы, менің де мақтанышым сол сезім болды. Менің мақтанышым – сол күні әкемнің мен үшін мақтанғаны!

Жетіспеушілік

Театрымызда аға буынның жоқ болуы да біздің ертерек есейіп кетуімізге кедергі секілді. Алдыңда ағаң болса, жүктің ауырын сол артып алатыны сияқты, бізге де жеңіл болушы еді. Желігіп жүрсек желкелеп, ұмтылып жатсақ арқадан қағып қоятын ағалар артық етпейді ғой. Ойымызды түсініп еңбектенетін мамандарға да біздің арамыздан орын табылады. Өнерді өсіретін, көрерменді ойландыратын бір идеяға жұмыс жасасақ екен. Тәуекелге барып, басқа жанрларға да жан бітіріп, ой-өрісімізді толықтырып тұрсақ деймін.

Уақыт

Уақыт біреулер үшін келеді, біреулер үшін өтеді. Кейбіреулер күтеді, әлдекімдер кешігеді. Мен оны тек тиімді пайдалануға тырысамын. Қанша ойласақ та, қанша қаласақ та бұйырғанын көреміз. Асығыстықтан көп нәрсені жоғалтудан қорқамын. Ең бастысы ниет бар, ынта бар, еңбек жолындамыз. Егер бекітілген уақыттан артық дайындықта жүруді қаламайтын, театрды сүйе алмайтын актер болса, оның театр ішінде бір секунд та тіршілік етуге хақысы жоқ деп есептеймін!

Демалыс

Ауылым. Ақтөбенің салалы сайларының бірінде орналасқан ауылымның сыртында барған сайын табиғатпен, өз-өзіммен жеке қалатын орным бар. Сол жерде барлық сұрағыма жауап іздеп, мәселемнің шешімін тауып, ішіммен еркін кеңесіп, басқаларды оңашада сағынып аламын. Жанұямның, дос-туыстарымның арасында қазіргі ортадағыдан басқаша ғұмыр кешемін. Менің жаным тыным табатын демалысым – ауылым!

Көңіл бөлу

Үйдегілерді көп ойлаймын. Әке-шешем қартайған адамдар, үйдің кенжесімін, сондықтан бар ойым соларда жүреді. Жұмыспен, қызметпен айналысып, елдің көзінде жарқырап жүргеннен не пайда, егер ата-анамның күш-қуаты болмағанда жанында бола алмасам деген уайымым да жоқ емес. Мені көп нәрсеге жетелейтін де, көп нәрседен тежейтін де осы тақырыпқа қатысты ойлар.

Арман

Әр театрдың бағыты бөлек болғанымен міндеті егіз. Біз «Astana Musical» Жастар театры қазақ мюзиклінің жалауын желбіретіп, әлемдік дәрежеге көтерілгіміз келеді. Ұлттық дәстүріміздің, қасиетті тіліміздің күшімен мюзикл әлемінің көшесін шулатуды көздейміз. Драмалық қойылымдарда да ойнағымыз келеді. Болашақта психологялық бағытта моноспектакльдер жағынан жұмыс жасауды да ойлап қоямыз. Өнердегі әріптестермен осы бағытта тәуекел етіп көру ойымызда бар. Мүмкіндіктер болып жатса, сондай ізденістерге, эксперименттерге, жаңаша жолдарға сапар шегуге қарсы емеспіз.

Мақпал Дүйсен

Астана қаласы, Қазақ ұлттық өнер университеті, музыкалық театр артисі мамандығының 2-курс студенті

Туған жер...

ҚХР, Тарбағатай аймағы.

- Сіз өскен ортаның басты ерекшелігі неде?

- Ең біріншісі – тәртіп. Әр азаматтың өз құқығы мен еркіндігі бар. Тәртіпке бағыну – тыныштығыңның кепілі. Жат жерде болсам да, жанұямның жанында, дос-туыстарымның арасында емін-еркін еркелеп өскен қазақ қызымын! Сондықтан өскен ортам арқылы шығармашылық еркіндікті оқушы кезімнен бастап санама сіңіріп өстім.

- Армандаған мамандығыңыз бен қазіргі мамандығыңыздың арасында қандай айырмашылықтар бар?

- Алғашында анамның қалауымен колледжде дәстүрлі би өнері мамандығын оқыдым. Ол жерде қытайдың салт-дәстүріндегі билер бірінші орынға қойылуы мені қанымдағы қасиеттерден алыстата алған жоқ. Қытай мен қазақ биін тең ұстап өстім. Оның үстіне Қытай елінің театрларына бишілер көбірек қабылданатыны да менің болашақта өнерден өз жолымды табуыма көмектеседі деген ойға себепші болды. Бірақ ән өнеріне қызығушылығым басым болатын. Атамекенге оралған кезде әншілік мамандықтың иесі болуды көздеп келгенмін. Кейін эстрада әншісі болу үшін арнайы оқып бітірудің соншалықты қажеті жоқ екенін түсініп, қиын да болса қызықты театр өнерін таңдадым. Қазіргі таңда Астана қаласы, Қазақ ұлттық өнер университетінің музыкалық театр артисі мамандығының 2-курс студентімін. Бұл мамандықта актерлікпен қатар әншілікті де, бишілікті де қатар алып жүргеніме бақыттымын.

- Театр сахнасындағы алғашқы роліңіз жайлы сыр бөліссеңіз. Тұңғыш рет театр сахнасына Джульетта болып шығу кез келген актрисаға бұйыра бермейтін бақ. Осы рөлді ойнайсың деген кезде ішкі дүниеңізді не толқытты?

- Көктен түскендей болдым. Не сенерімді, не сенбесімді білмей таңғалып, қуаныш пен қорқыныш арпалысқан күй кештім. Шынымды айтсам ештеңе түсінбей жүрдім. Театрмен, актерлік өнермен енді ғана танысып жатқан 1-курс оқитын ізденуші үшін бұл өте үлкен әрі ауыр жауапкершілік екені айтпаса да түсінікті жай. «Джульетта кім? Ол қандай болуы керек?», – деген сұрақтардың жауабын іздей бастадым. Спектакльдің жанры – мюзикл. Шынымды айтсам, маған осының бәрін әлі күнге дейін толық сезіну қиын. Кейіпкерімді танып, түсініп алуыма ұстазым Асхат Максимұлы көмектесіп, көзімді ашты. Әрі қарай оқумен, көрумен ізденісімді жалғастыра бердім.

- Тәжірибелі режиссер жас актрисаның сахналық кейіпкер жасауына қандай амал қолданды?

- «Ойнамай ойна» деді. «Джульетта» деген сенсің, сахна үстінде Джульеттаның әнін салып жүрген өмірдегі Мақпал болып жүре бер, маған сенен керегі де сол», – деді. Маған ең түсініктісі де, ең жеңілі де осы амалы болды.

- Өз тарапыңыздан қандай ізденістерге бардыңыз?

- Ең алдымен пьесаны оқып шықтым. Одан кейін түсірілген киносы мен француздардың мюзиклін қарадым. Осылардан ойыма келген әртүрлі мінездерді жинақтап, нәзік, таза, сенгіш Джульеттаны сахнаға шығарғым келді. Көбіне ерке қылықтары мен аңқаулығына қарай басып кете берген секілдімін. Сахнадағы Мақпал мен өмірдегі Мақпалдың мінезінде асып бара жатқан айырмашылық жоқ. Бірақ дәл қазіргі уақытта осы кейіпкермен тағы да сахнаға шығар болсам, Джульеттаны алдыңғыларынан мүлде басқаша етіп ойнайтындай сезінемін.

Сіз үшін ең қиынға түскен қай сахна?

- Дайындық кезінде Ромеомен оңаша қалатын сахналарды мүлде жасай алмадым. Өйткені өз басымнан әлі күнге дейін өтпеген сезімдерді, көрмеген көріністерді ағайдың алдында, ол аз болғандай көрерменнің көзінше жасайтыныма қатты ұялдым. Маман ретінде орындауға міндетті екенімді түсініп тұрсам да қысылып, ыңғайсыздандым. Бірақ артқа шегінетін жол жоқ, қойылымның ортасына келіп қойдық, жүрген жерімде ойланып, үйге барған соң қимылдарын қайталап, ұялып, қызарып жүріп әйтеуір шығардық.

- Репетиция мен премьераның айырмашылығын қалай түсінесіз?

- Репетиция – кешірім кезеңі. Сүрінсең де, жығылсаң да, ұмытсаң да, жаңылсаң да ешкім сені ол үшін жазғырмайды. Ол – жетіспейтін тұстарыңды толықтырып, әлсіз жақтарыңмен жұмыс жасап, қанаттанып кеткенше қателесіп алатын уақыт. Ал премьера қателікті кешпейді.

- Тарихқа ерте еніп кеткеніңіздің қадірін қаншалықты сезіне аласыз? Сахналық жолын Джульеттамен бастаған актриса, бұдан кейін қандай кейіпкерді ойнауды армандайды екен?

- Негізі рөл туралы армандауға да үлгермей қалған сияқтымын! Мамандыққа келгенім кеше ғана. Оның әліпбиімен енді ғана танысып жатқандықтан, театр сахнасындағы үлкен ролдер туралы ойламаппын. Әлі күнге дейін Джульеттаны ойнағаныма таңғаламын. Басыма қонған бақ деп қабылдап, қатты қуанамын да, кейде сол ойымнан ұялып каламын. Осы тақырыпты ойға алсам, ішімде түсініксіз сезімдермен арпалыс басталады. Алақанымда аялап жүрмін деп айту артық болар, оның қадірін уақыттың өзі сездіреді деп түсінемін. Ал дәл қазіргі кез – мендегі армандардың алқынып тұрған шағы. «Үлкен сахнаны көріп, аз да болса тәжірибе жинақтап алған соң, алдағы уақытта Еңлік, Баян, Қарагөз, Жібек секілді қазақ қыздарының сахналық бейнесін жасасам» деген арман-тілегім де жоқ емес!

- Басты кейіпкерді ойнау бақыты сізге бұйырған кезде, жаныңызда жүрген қатарластарыңыздың жанарынан қызғаныш жалыны байқалмады ма?

- Джульеттаны ойнайтыным белгілі болған сәттен-ақ көз алдымдағының бәрі өзгерді. Қолдаушыларды да, қызғанғандарды да іс-әрекеттерінсіз-ақ оп-оңай ажыратып жүрдім. Мұның бәрі заңды нәрсе деп санаймын! Ең бастысы, менің қолдаушыларым жанымнан табылып, жүктелген міндетімді қолымнан келгенше орындап шықтым!

- Спектакль кезінде, шымылдық артында өз сахнаңыздың келгенін күтіп тұратын уақытты қалай пайдаланасыз? Дәл сол кезде өз кезегін күтіп отыратын қыз Мақпал ма әлде Джульетта ма?

- Екеуі де. Кейде Мақпал, кейде Джульетта. Ал сахна артындағы бос уақыт киім ауыстыру, орын алмасу секілді іс-әрекеттермен өтіп кетеді. Одан артылып қалып жатқан уақыт болса, спектакльді қарап, қойылымның ауа-райынан шықпауға тырысып отырамын. Бірақ ойыма салмақ салмауға, көп энергия жұмсамауға көңіл бөлемін.

- «Astana Musical» Жастар театры жайлы бір ауыз сөз...

- «Astana Musical» Жастар театры – шеттерінен өнерлі жігіттер мен қыздардың басы қосылған ұжым. Труппаның барлығы да жас қауымнан болған соң, өнерді үйренуге деген ұмтылыс, игеруге деген құлшыныс секілді асыл қасиеттер әрқайсысының бойынан айқын көрініс береді. Би десе би билеп, ән десе ән салып, кез келген өнер түрінің бал-қаймағына деген қомағайлықтарын жасыра алмайды. Қолдау көрсету, жанашырлық таныту жағынан да бәрі белсенді. Қашан да көңілді, ұйымшыл, еркін жүргенімізбен, тәртіптен аттап кететін кезіміз болған емес. Мұның барлығы да бізді өсіретін, бауырмалдыққа тәрбиелейтін, сахнада әріптес болған жағдайда көп көмегін тигізетін себептер деп қабылдаймын.

Авторы: Театртанушы Нұржан Асхатұлы

 

Редакция пікірі автор пікірімен сәйкес бола бермейді.