Театртанушы Нұржан Асхатұлының актер Дәурен Серғазин туралы мақаласы. «Ғаламтормен қақтығыс»

«Ғаламтор» деген ғұламаның айтуына сүйенсек, көптеген тұлғаларды өзімізге беймәлім немесе басқаша жағынан тани бастаймыз. Іздеу салып аты-жөнін толық терсең болды, сол адамның ең жарқын жеңісін немесе ең масқара іс-әрекетін баяндап тұрады. Осылайша оқырман санасына ғаламторлық пікір, ғаламторлық таным қалыптастырады. Мен бүгін өзім жақсы танитын, көріп, біліп жүрген, Астана қаласы Жастар театрының негізін қалаушылардың бірі, театр және кино актері, режиссер Дәурен Серғазиннің есімін ғаламторға жазып көрдім. Басқа Дәуренді кездестірдім...

Дәурен Серікбекұлы Серғазин – 1984 жылы 6 қарашада Қарағанды облысы, Теміртау қаласында дүниеге келген. Бірақ Алматы облысы, Қапал-Арасан ауылында ержетіп, сол ауылдың тәлім-тәрбиесін алған. 2002-2006 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма және кино актері» мамандығында оқыған. Ұстазы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Нұрқанат Жақыпбай. Қазіргі уақытта ұстазы режиссерлік ететін Астанадағы Жастар театрының белді актері.

Актер ретінде өзін дәлелдеп үлгерген жастар арасындағы Дәуреннің орны бөлек, ортасының озығы, қатарының алдында десек қателеспейміз. Өзі ойнайтын кейіпкерлерінің мінезін, арманын, мақсатын терең түсініп, зерттеп, соған сай іс-әрекет жасайды. Сендіре де, сездіре де біледі. Әр роліне бір ерекшелік қосып, әйтеуір бір-біріне ұқсамайтын бейнелер тудыруға тырысады, солай болады да. Мысалы Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Хлестаковты ойнағанда актерлік шеберліктен бөлек пластикамен ерекшеленді. Т.Миннуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуіндегі» Әмірден ойнақы, қуақы образ жасады. Бірде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымында Люченциодан басқа жалғыз өзі бірнеше кейіпкерді бір-біріне ұқсатпай, кезек-кезек ойнап шыққаны да бар. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баянындағы» Қозы батыр болғанымен, ол – Дәуреннің бейнелеуінде батырлықпен қатар сыршыл, сезімтал жүрек иесі. Қандай кейіпкерге салсаң да шыңына шығарып, жетер жеріне жеткізіп шығатынына күмән қалдырмады.

Режиссер ретінде бағын сынап та үлгерді. «Жер мен көктің арасы», «Алғашқы махаббат», «Іздеп таптым сені», «Тасбақа үміт» секілді премьералары театр репертуарын толықтырып тұр. «Тасбақа үміт» спектаклінің басқаларынан ерекшелігі – кіші сахнада қойылуы. Мұндай қойылым – Астанада жалғыз, Республикада сирек. Қоғамға айтар ойы болғанымен, таңдай қақтырарлық шебер шешімдері бар деп айта алмаймын. Қалай десек те, режиссура мекеніне жаңа ғана қадам басып келе жатқан жас режиссер үшін жақсы жетістік. Кейде мен өз премьераларындағы басты рөлдерді Дәуреннің өзі ойнауын әлі күнге дейін түсіне алмаймын. Өзі жасаған туындының ауыр жүгін өзі көтергенді дұрыс санай ма? Әлде өзімнен артық ешкім түсінбейді, ойнай алмайды дей ме екен немесе бұл геройлардың сахналық бейнесін жасап шығатын актер Дәурен үшін Жастар театрында жоқ болып тұр! Қалай болғанда да Дәурен Серғазин режиссер ретінде өз театрынан өз геройларын жасаса, шығарса деген ниеттемін.

Ғаламтор жайлы әңгімемді қайта жалғайын. Жұлдызы экранда жанған, көпшілікке кино арқылы танылған дарынды актер өзі ойнаған кейіпкерлерін қасына жиып алыпты. Алдар көседен бастап, жас ұлан – Лейтенант Талғатов, жаужүрек мың баланың бірі – Сәбит, ауыл сақшысы – Ерен, Елбасы жолымен келе жатқан қарағандылық – Бекош, қара шаңырақтың иесі Мәди секілді басты қаһармандар Дәурен туралы ақпараттар тізбегін толықтырып тұр. Қазіргі уақытта қазақ кино өнерінде ойып тұрып орын алатын аталмыш суреткердің шығармашылық кеңістігі шексіз, тынысы кең. Түсірілімдерден тоқтаусыз шақыртулар алып, жүрегі қалағанына таңдап барып жүрген Серғазиннің бағы кинода жалындап жанып тұрғанымен, тұтанған жері – театр. Серікбекұлының театрдағы тіршілігі, әсерлі әзілдері мен әдемі әрекеттері өз алдына бір бөлек әлем. Ал мен тілге тиек етіп отырған әлгі ғұламам осыны түсінбеген екен. Түсінбегендіктен оқырманға теріс пікір білдіріп, біраз дүниені бүлдіріп қойып отыр. «Театрсыз өмірін елестете алмайтын актерді тек кино актері ретінде таныстыру – сахна өнеріне деген қиянат» деп білемін. Жүйрік жүйемен жаға ұстасып, қақтығысып отырғанымның да себебі сол.

Авторы: Театртанушы Нұржан Асхатұлы (2016 жыл)

 

Редакция пікірі автор пікірімен сәйкес бола бермейді.