Тулайды жүрек...

Оңаша қалғанда келетін ойларымның арасынан үнемі Әселді кездестіремін. Неге мен сол сәтті әлі күнге дейін есімде сақтап жүрмін? Әсел қазір қайда екен?

Себепсіз есте қалатын, ескірсе де ұмытылмайтын кездердің естелігіне айналған сондай бір жандар болады екен. Ойыңда жүреді екен. Кімді сағынамын? Нені аңсаймын? Әселді ме? Әлде сол уақытты ма?

Бірде Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгер атты қаласына гастрольмен бардық. Қаладағы сирек кездесетін бес қабатты тұрғын үйлердің бірінен пәтер жалдадық. Қожайындары әлі кіре қоймаған, қызына арнап сатып алынған жаңа үй екен. Қызынан бұрын кіріп алғанымызға ұялыңқырап, орналастық әйтеуір. Әсел туралы әңгіме енді басталады. Бейбіт аға шаруаларымен Шымкентке кеткен соң, Дулат пен Серік үшеуміздің балконға шығуымыз жиілеп кетті. Сол баяғы ойларымызды ортаға салып, шылым біткенді өртеп, лақтырып тұратынбыз. Ұмытпасам, көрші подъездің үшінші қабатының қылтимасынан Әселді көрдім. Агентте онлайн отыр. Бізге қарап-қарап қояды. Бөтен екенімізді біледі ғой, «мыналар қайдан келген, кімдер екен?» деген шығар. Мен де ол туралы өзімше ойлап, сырттай таным қалыптастырып жатырмын. Жанымдағылар да сөйткен болар. Не болса да танысу керек. Батылдық қайда? Серікте. Әселмен танысып, агентінің логинін де, телефонының нөмірін де біліп алыпты.

Кешегі қылтимадағы қыздың Әсел екенін сонда білдім. Сол сәттен бастап мен жайлы да, ол туралы да ақпараттар агент арқылы арлы-берлі әбігерге түсті. Сөйтіп жақын араласып кеттік. Бірақ мен күндердің бір күнінде үйде жалғыз қалатынымды білген жоқпын. Әселді шақырамын деп және ол менің бөлмеме келеді деп те мүлде ойламаппын.

Қалай екенін қайдам, әйтеуір үйде оңаша қалып қойдым. Дәл сол күні Әселдің де сабағы жоқ, шаруасы түгел, үйінде өзі ғана екен. Оны үнемі ойлап, іздеуімнің де себебі осы күнде жатыр... Бар болғаны екі-үш сағат қана. Менің бөлмедегі оңаша уақытымның ғұмыры шамамен осындай болатын. Қазір Әселді шақырамын...

Ол бізді «өнер адамдары», «театр актерлері» деп ойлайды, қызығып қарайды. Біздің де ойымыз сондай. Дәл қазіргі сәтте сол кездегі ойыма ұяларымды білсем, Әсел менің бөлмеме келмеуші еді-ау... Әә, келіп тұр екен. СМС қой, оқып берейін... Әсел: «Ештене уйде» деп жазыпты, «нестеп жатсын» деген сұрағыма.  Ол кездегі телефондарда қазақ тілі алфавиті жоқ болатын. Грамматикаға сауатым нашар кезім ғой «Менде уйдемин» деп (одан кейінгі ойымды айтуға батылым бармай) жазып жібердім. Сөздерімнің бәрі ойымнан кетпей, қалай айтарымды білмей отырған идеяма жақындататын әңгімеге қарай бұрмалай бердім. Әй, қайдан шықсаң да мейлің, болмаса болмасын, «келши маган» деген сөз кетті, қысқасы. Қате кетсем кешіріңіздер, айып етпеңіздер, шыдай алмадым, жазып жібердім де, жауап күтіп отыра қалдым. Қалай қабылдайды, өкпелеп қалмай ма әлде келісе ме деп алаңдап отырған сол сәттегі жүрегімнің соғысының қасында... Отан соғысы, Ауған соғысы дегендерің далада қалады. Үміт – үміт қой, өкініш пен қорқынышты айт, қай дүниеде жүргенімді түсінбей қалдым. Ол да күтпеген шығар. Ал мүмкін, күткен шығар, қайдан білесің..? Оны Әселден сұрау керек. Үй ішінде жалғыз, еркін жүрген адам асығыс киіне бастады. Мен ғой. Есікті қағып тұр. Әсел ғой...

Келді... Бейбіт аға Шымкенттен келді. Келген бойда кетеміз деді. Ойымда Әсел. Енді ғана жақындасып қалғандай едік-ау. Міне, сол сезімнің сапары да аяқталғалы тұр. Бұдан кейін оны мүлде көрмейтінімді ойласам жаным өртеніп кете жаздайды. Ішім күйіп, жан-дүнием аласапыран күйге түседі. Ленгерден кеткім келмей, труппадан қалып қоюдан да жүрексініп тұрмын ғой. Ал осыны Бейбіт ағам біле ме? Қайдан білсін ол, Әселмен оңаша қалған кездегі оқиғаны. Оқиға деуге де келмейді, ұмытылмас бір сәт еді ғой.

Өзі мақпал мінезді, ұялшақ қыз болатын. Бөтен үйге жалғыз келгеніне қобалжып тұрғанын да байқағандай едім. Маған сенді. Сенгендіктен келді. Міне, бірнеше күн бойы балконға байланып қалған арманым қарсы алдымда тұр.

Күліп тұр. Біліп те тұр. Ойымды оқытып қойған болармын-ау, қалай тартса да ілесе кететінімді сезетін секілді. Ал мен оның не ойлайтынын жорамалдай да алмаймын. Сырын бүгіп, құпиясына қамай береді. Пәтердің қожайыны болмасам да қонақжайлық танытып, төр ұсындым.

Айтылатын сөздің бәрі агенттің архивында қалған. Не дерімді білмей, абдырап, әрнені бір сөз етіп, әңгімеге тартқандай болам. Ойыммен алысып отырып, кейде оны жалғыз қалдырып та кетеді екенмін. Толқыныс қысып, абыржып отырып, есімді әрең жинағандай болам. Сөйтем де бірінші рет көргендей көзімді салам. Әсел әдемі екен.

Ұзақ отырыстан кейін, жантая бастадық. Әңгімеміздің не туралы болғаны есімде жоқ. Тіпті сол кездің өзінде де қатты мән бердім десем өтірікшімін. Өйткені ойым басқада, қолым шашында еді. Айтылған сырларды жадымда сақтап қалатындай ес болған жоқ. Жүрек бейшара кеудемді тепкілеп, сөйлесем дауысым дір-дір етіп... Келіп қалды...

Дулат пен Серіктің жұмыстарды бітіріп, үйге келіп жатқан беті екен. Оңаша өмірді осылар бітірді. Ленгердегі сапарды Бейбіт аға аяқтады.

Ең соңғы рет көздерімде мәңгілікке сақталып қалған Әсел бейнесі мынадай еді: Не істерін білмей, біз ұзап кеткенше тапжылмай бір орында қатып тұрып қалған болатын.

Әселге кететінімізді айттым. Ол жауап бермеді. Көлікке отырып, қозғала бастағанбыз. Мәшиненің артқы терезесінен қайта-қайта қарап қоямын. Жоқ. Жоқ деппін-ау, бар екен, шығып келе жатыр. Үлгергені осы-ақ екен, тек көлікті көрді, көзбен ғана шығарып салды...

Жол бойы Әселді ойлаумен болдым. Сол сапарым әлі күнге дейін аяқталмаған секілді. Жиі болмаса да, анда-санда ойыма түсіп тұрады. Әселді сағынсам Мақсат Базарбаевтың «Әселім» деген әнін тыңдаймын. Әннің әсер еткені сонша, Мақсат екеуміздің сағынып жүргеніміз бір адам сияқты.

...Алыссың жастық, білемін сәулем,

Тағдырға нала не керек айтып?

Өмірде сол бір жарқ еткен дәурен

Әселім бізге келер ме қайтып?

Тулайды жүрек толқындай шалқып,

Аңсайды жүрек өзіңе тартып,

Сағынтқан әнім, Әселім жаным.

Одан бері қаншама жылдар өтті. Әсел неге менің ойымнан кетпейді? Мүмкін бұл ой осы әңгіменің қағазға түскенін күтіп жүр ме екен?

Ол ендігі бір шаңырақтың отын жағып отырған келін шығар, бір азаматтың балаларының анасы да болар әлде тұрмыс құрмады ма екен? Білмеймін. Әселге қатысты білетіндерім өте аз, ал анық көзім жететіні мен оны таба алмаймын.

Тіпті көшеде кезігіп қалар болсақ оны танымауым да мүмкін, алайда санамда сақталып қалған сол кездегі оның балғын бейнесін ештеңе де, ешқашан да өшіре алмайды...

Себепсіз есте қалатын, ескірсе де ұмытылмайтын кездердің естелігіне айналған сондай бір жандар болады екен. Ойыңда жүреді екен. Кімді сағынамын? Нені аңсаймын? Әселді ме? Әлде сол уақытты ма?

Оңаша қалғанда келетін ойларымның арасынан үнемі Әселді кездестіремін. Неге мен сол сәтті әлі күнге дейін есімде сақтап жүрмін? Әсел қазір қайда екен?

Авторы: Нұржан Асхатұлы