Телеарна туралы

 EL ARNA – еліміздің кино және театр өнеріне арналған телеарна. Күн сайын тәулігіне 24 сағат хабар тарататын арна қазақстандық көркем фильмдер мен деректі жобалар ұсынады. Оған қоса арнаның кино қоржыны Түркі әлемі елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталармен толықты.

EL ARNA эфирінде әр түрлі жанр мен форматтағы фильмдер көрсетіледі. Олардың қатарында қысқаметражды ленталар бар. Аталмыш санаттағы туындылар арнаның шығармашылық тобы түсірген жұмыстармен толығып отыр.

Еліміздің жетекші театрларының спектакльдерін көрсету арнаның хабар тарату кестесінде маңызды орынға ие. Осы орайда заманауи қойылымдардан бөлек, өткен жылдарда түсірілген телеспектакльдерді де тамашалай аласыз.

Күн сайын арна шығармашылық тұлғалармен кездесу, кинопоэзиядан шабыт алу, кадрдан тыс қалған дүниелер және мұрағаттағы беймәлім деректермен танысу мүмкіндігін сыйлайды.

EL ARNA қызметінің басым бағыттарының бірі – еліміздің беделді кинофестивальдерімен серіктестік. Атап айтар болсақ:

  1. Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі
  2. Шәкен Айманов атындағы халықаралық кинофестиваль
  3. Almaty film festival
  4. «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептердің халықаралық фестивалі
  5. Baikonyr Short Film Festival республикалық кинофестивалі

EL ARNA телеарнасы 2017 жылдың 27 наурызында іске қосылған. Республика аумағында міндетті түрде таралуы тиіс теле және радиоарналардың тізіміне кіреді.