«Кино өнері». «Армысың, Happy, Жаңа жыл» көркем фильмі
Комедиялық жанрда фильм түсіруге көптеген режиссерлар тәуекел ете алмайды. Неге? Өйткені көрерменді күлдіруден гөрі, жылату әлдеқайда жеңіл. Соның ішінде жаңажылдық комедия түсіру қиынның қиыны. Ғажаптарға сенбейтін кез келген ересек адамның өзі Жаңа жыл түні таңғажайып оқиғаны бастан кешіргісі келеді. Тіпті экраннан болса да.
Жаңа жыл қарсаңында көрерменге режиссер Фуркат Файзиев «Армысың, Happy, Жаңа жыл» көркем фильмін ұсынады. Ол өзі актер, сценарист әрі режиссер. Оның әкесі Латиф Файзиев танымал кинорежиссер, сценарийші әрі актер болатын.
Фуркат кино саласынан өз қолтаңбасын іздеуді тоқтатпаған. Сондықтан ол айтулы мерекеге орай комедия түсіруді қолға алған көрінеді. «Кинокомедия адамды күйзелістен құтқаратын дәрі. Сондықтан көрермен комедияға құштар», – дейді режиссер.