«Ғасырлар даналығы». Әл-Бируни
Әл-Бируни – ортаазиялық энциклопедист-ғалым. 973 жылы қазан айының төртінде Қият қаласының маңында өмірге келген. Негізгі еңбектері тарих, математика, астрономия, география, топография, физика, медицина, геология, минералогия, т.б. ғылым салаларын қамтиды. Ол Орта Азия мен Иран қалаларында болып, атақты астроном, математик Әбу Наср Мансур ибн Ирактан дәріс алды. Әл-Бируни – парсы, араб, грек, үнді (санскрит) тілдерін меңгерген оқымысты. 995-1010 жылдары Иранда тұрды. Ол 1000 жылы орта ғасыр ғылымының энциклопедиясы аталған, өзінің әйгілі «әл-Асар әл-Бақйия ән әл-Құрұн әл-Халийа» («Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші») деген еңбегін жазды. 1010 жылы Хорезм әкімі Мамун ибн Мұхаммед ұйымдастырған Үргеніштегі ғылыми орталықта Әбу Райхан әл-Бирунидің басшылығымен Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Саһл Массих, Әбу-л-Хасан ибн Хаммар, ибн Мискуайх, т.б. көрнекті ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әбу Райхан әл-Бирунидің ғылыми мұрасының бірсыпырасы бізге жетпеген, сақталып қалған шығармаларының көпшілігі толық жиналып жарияланбаған. Жалпы алғанда ол жүз елу еңбек жазған, олардың қырық бесі астрономия мен математикаға арналған. Астрономиялық шығармаларында Әбу Райхан әл-Бируни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын), денелердің Жерге қарай тартылуын (Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) болжаған.