Актриса Гүлжан Әспетова
Гүлжан (Күлжахан) Жарылқасымқызы Әспетова (1946 жылы 28 мамырда Жамбыл облысы, Меркі ауданында туған) - актриса. Қазақстанның халық әртісі (1993). Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1981). Құрмет орденінің иегері (2011). Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері.
Сахнадағы негізгі рөлдері:
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында: Театрдағы алғашқы рөлі – М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз. Содан бері лирик.-драмалы қалыптағы бірсыпыра бейнелерді сахнаға шығарды. Олардың ішінде Еңлік, Құртқа (Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Қарақыпшақ Қобыландысында»), Жәмила (Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астындасында»), Мақпал (Қ.Мұқашевтың «Дала балладасында»), Анар (О.Бөкеевтің «Құлыным меніңінде»), Бәтимә ханым (Т.Ахтановтың «Антында»), Мехменебану (Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында»), Электра (Л.Дюрконың «Электрасында»), Иокаста (Софокльдің «Эдип патшасында»), Найман-Ана (Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде»), т.б. бейнелер бар.
Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының сахнасында: Ш. Айтматов «Ана-Жер ана» – Толғанай, «Ғасырдан да ұзақ күн» – Найман ана, Ә. Сарай «Балуан Шолақ» – Балуаның анасы, Ф. Буляков «Күйеуге шыққан кемпірлер» – Фатима, В. Дельмар «Баянсыз бақ» – Люси Купер, Дж. Патрик «Қымбатты Памела» – Памела, Т. Джюдженоглу «Көшкін» – Бәйбіше және т.б.
Кинодағы рөлдері:
«Қазақфильм» киностудиясының «Несібелі», «Тоғызыншы ұлдан қорық», «Жау», «Мосфильмнің» «Киттер кеткенде», «Ақ бақсы» көркем туындыларында , «Еңлік-Кебек» телефильмдерінде басты рөлдерге түсті.