«Ғашықтар» сериалы
«Ғашықтар» сериалы. «Махаббат деген іште бықсып-тұтанған бір от мәнзелдес дүние ғой, әбден қызуы жетпей, сыртқа шығарудың қажеті қанша» көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романындағы басты кейіпкер осылай пайымдайды. Жастардың жалынды махаббаты, албырттық сезімдері туралы туынды 60-шы жылдардың аяғында жарыққа шықты. Оқырман роман кейіпкерлерімен бірге ғашық болды, сүйді, жылады, тағдырдың сол сынақтарын өзі басынан кешіріп жатқандай күйге бөленген еді. Енді сөз зергерінің осы шығарма желісімен түсірілген телехикая көрерменге жол тартпақ. Махаббат – адамның ұлы сенімі, ұлы қуаты...
«Хабар» Агенттігінің» тапсырысымен түсіріліп жатқан «Ғашықтар» телехикаясы осы мәңгілік тақырыпты қозғайды. Телехикаяда манекенші Ұлбосынның рөлінде Ақкерке Бүркітбай ойнаса, басты кейіпкер Жантастың образын жас актер Азат Тұрарбеков сомдайды. Төңірегіне жігіттер шыбынша үймелейтін, айта қалғандай сұлу, сүйкімді, өте әдемі бір бойжеткен бар туындыда. Ол басты кейіпкер Жантастың жалғыз қарындасы – Базаркүл. Ол театрда жұмыс істейді. Осы эпизодты көрсету үшін Алматыдан келген түсірілім тобы елордадағы «Жастар» театрының экстерьерін таңдап алады. Ал өнер ордасы Ілияс Есенберлин көшесінде орналасқан. «Бұл кездейсоқтық болғанымен, біз оны жақсы белгіге балаймыз» – дейді телехикая режиссерлері.