Коллекционер Ұлықпан Мұхиядиновтың пышақ топтамасы. «Өміршең өнер туындылары»
Қазақ пышақты киелі затқа балаған. «Кезенген пышақ кез бой ұзарып кетеді» деп жоғары қойып, балалардың қолына бермеген. Белге байлап, қынапта ұстаған. Ұрыста - қару, тұрмыста - пайдалы құрал. Пышақ қазақ қана емес күллі елдің тарихында бар қару түрі. Алғашқы пышақтар ежелгі тас дәурінде пайда болған. Тастан жаңқалап жасалып, кейін ол бадам дәні тәрізді сопақша пішінге ие болды. Уақыт өте пышақтың сабын сүйектен немесе ағаштан жонып дайындалатын. Негізінде пышақ кесетін жүз бен саптан тұрады. Тек әр елде қолданысқа қарай формасы ғана өзгеріске ұшырап отырған. Мұндай алуан түрлі пышақтар Ұлықпан Мұхиядиновтың сөресінде тұр. Оның топтамасында жиырмадан аса елдің тарихы мен салт-дәстүрінен сыр шертетін серіппелі, жаппалы, бәкі пышақтар бар. Бағдарламаға қатысушы: Ұлықпан Мұхиядинов — коллекционер.