Театртанушы Нұржан Асхатұлы: Ә.Оразбековтің «Айман – Шолпан» комедиясы – бастапқы қалпын толықтай өзгерткен жаңа туынды
Алғашқы блог Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасындағы режиссер Ә.Оразбековтің «Айман – Шолпан» қойылымы жөнінде болмақ.
«Оразбековтың ойы»
«Айман – Шолпан» жыры драмалық тартысқа толы қазақ халқы әдебиетінде шоқтығы биік шығармалардың қатарынан. Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді өн бойына өңгерген осынау жыр – батылдық, күрескерлік тақырыптарын ерекше көтеретін ұлттық классикалық туынды. Сұлулық пен серілікті бетпе-бет жолықтыру арқылы «тең-теңімен» дейтін терең тақырыпты астарлы әзілмен жеткізетін лиро-эпостық жыр қазақ халқы өмірінің реалисті тұрмысынан бастау алады. Ауыздан-ауызға тарап, ел арасында ауызша айтылып, таралып кеткен бұл жырдың бастапқы кейіпі айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны анық. Халықтың қалауымен, қиялымен қақтығысқа түскен туынды қашан да ұлттық сипатын сақтай отырып, әспеттеле түсетіні белгілі. Өз тарихында бірнеше рет баспа көрген лиро-эпостық жыр негізінен XIX ғасырдағы қазақ халқы өмірінен көрініс береді.
«Классикалық дүние – халық қиялы мен ақыл парасатынан әбден сүзіліп шыққан мөлдір нәр, кіршіксіз сөл», – деген театр сыншысы Әшірбек Сығай. Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» пьесасы да – халықтың қиялы мен ақыл-парасаты тұнып тұрған бай туынды. Себебі бұл пьеса – ұтқыр поэзия тілімен де үйлесім тапқан шебер шығарма. Сыншының айтқан пікірі аталмыш пьесаның классикалық дүние екенін тағы да бір дәлелдей түседі.
Халық ауыз әдебиетінің әдемілігін бойына жиған аталмыш жырдағы юморды тереңінен байқаған жазушы М.Әуезов оқиғасын дамытып, кейіпкерлерін толықтырып, бұл шығарманың сахналық үлгісін жасап шыққан болатын. «Айман – Шолпан» жырынан «Айман – Шолпан» пьесасына айналған классикалық туынды өзімен бірге қазақтың тұңғыш кәсіби музыкалық театрын өмірге әкелген еді. Жұмат Шанин мен Құрманбек Жандарбековтің «Айман – Шолпан» пьесасын сахналап, 1934 жылы қазақтың кәсіби музыкалық театры шымылдық түргені де тарихтан белгілі.
Ұлттық нақыштан негіз алатын бұл пьеса қашан да өткен ғасырды, кешегі күнді, бұрынғы өмірді ойға оралтады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақы ән-би, ұлттық ойын-сауық секілді дәстүрлі элементтердің жиынтығына айналған аталмыш шығарманың бүгінгі сахналық көрінісі бұрынғысынан қаншалықты өзгеріске ұшырағанын Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасынан ерекше байқауға болады. 2010 жылдың 18-19 қарашасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбековтің сахналауындағы «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясы қалың көрермен назарына заманауи түрдегі ерекшелігімен ұсынылды. Туындыны заман талабына сай, жаңаша көзқараста бейнелеген режиссер пьеса кейіпкерлерін бүгінгі күннің адамдарынан тапқан.
Ұлттық классиканың ыңғайын тауып, қисынын келтіріп сахналаған режиссер шынайы өмір кейіпкерлері мен тарихи оқиғаны толықтай жаңашаландырып, театр қоғамын қарама-қайшы екіжақты пікірге бөліп тастады. Классикалық шығарманы өзгерту немесе бұрмалау дұрыс па? Ұлттық сипатымен сүйсіндіретін туындыны жаңашалап бүгінгі күннің көрінісіне айналырудан не табамыз? Осы секілді сұрақтар төңірегінде дау-дамайға ұласқан «Айман – Шолпан» қойылымы бағаны да, бәлені де көрді. Солардың бірі республикалық театртанымдық әдеби-көркем Театр.kz журналындағы «Жібектей Жібек, адасқан Айман, Шатасқан Шолпан» атты мақаласында «Бізге жеткен фольклорлық жәдігерлер – қазақ халқының арман-мұратын өмірлік танымын, тұрмыстық ұстанымын, көркемдік талғамын көрсететін рухани айшығы екені мәлім. Сондықтан оған кейбіреулердің «эксперимент» деп тәжірибе жасайтын материал ретінде қарайтынын өз басым қолдамақ түгілі, күнә деп есептеймін. Мысалы: «Әлімбек Оразбеков қойған «Айман – Шолпан» атты комедияның тамырынан жұлынған көк желектей қуарып, адам танығысыз пүшәйман күйге түскенінің куәсімін», – деген пікір білдіреді өнертанушы Өтен Ахмет. Қазақы дәстүрге жанашырлықпен қараған көз қашан да құнды дүниені құртуға қимайтыны белгілі. Десек те ғасырлар өтіп, адам санасы мен қоғам талабы өзгергенін ескерсек, режиссердің бүгінгі шешімімен келіспеуге де болмайды.
Режиссер Ә.Оразбековтің «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясы – бастапқы қалпын толықтай өзгерткен жаңа туынды. «Театр мен режиссерлердің барлығы да классикалық пьесаға бүгінгілік мағына, тың үн беруге ұмтылады. Бірақ ол типтік жағдайда туған типтік характерді өңдеу, оның психологиясын өзгерту арқылы жасалмайды. Замана келбетін, дәуір сипатын, тарих мерзімін, белгілі бір ортаның тұрмыс-салттық жолдарын, әдет-ғұрып белгілерін жинақтап жеткізу – көркемдік шындықтың шарты. Және бұларды спектакльде қолдану архаизмге жатпайды, мәселе оларды қалай, қайтіп қолдануда. Кейбір театрлар сахналық өнердегі тарихи бедерді беруге септігі тиетін аса қажетті тұрмыстық детальдардан орынсыз сырт айналып жүр», – дейді театртанушы Б.Құндақбайұлы.
Режиссер шынымен де өзгеше үн беруге, бүгінгілік мағына айтуға тырысқан және өз мақсатына жете де білген. Дәуірі де, адамы да, қоғамы да бұрынғысына мүлде ұқсамайтын бұл қойылым заманауи сценографиясы мен режиссурасы арқылы ерекшеленеді. Сонымен бірге кейіпкерлердің ой-түсінігі, ақыл-парасаты, жүріс-тұрысы, киімі және спектакльдің музыкасы да күнделікті көз алдымыздағы бейнелерден көрініс береді. Бұрынғының байы мен батыры, сол заманның серісі мен сұлуы ескі сипатын ғана өзгертіп, қазіргі кездің кейіпкеріне айналу арқылы тіл қатады. Түнгі клуб, атыс-шабыс, арзан күлкі секілді есепсіз көңілді кештер мен себепсіз ойын-сауықтарға салт-дәстүрі мен төл табиғатын алмастырып алған бүгінгі қазақ қоғамын сынға алады. Осы ретте режиссер ескіні жаңаға айналдыруды ғана көздеді деп айту асығыстық болар. Өйткені аталмыш қойылымның жылтырақ көріністерінен сахналық жаңашылдықтан бөлек перзенттік жанашырлықты да көруге тиіспіз. Осы қойылым астарында біздің бүгінгі Аймандарымыз бен Шолпандарымыз қандай? Сол Көтібар, Арыстан, Әлібектер дәл қазір қалай өмір сүруде? Бұрын қандай едік, бүгін қандай күйге түстік? Осындай өзіне де өзгеге де қойған сұрақтары жатыр.
Дүңкілдеген музыкасымен, жалт-жұлт еткен жарықтарымен ой-санаңды оп-оңай орағытып ала кететін қойылымның алғашқы сахнасы түнгі клубтың алғашқы табалдырығын аттағандай күйге түсіреді. Күш көрсетіп, тісін батырған тентектердің шарасыздықтан шашбауын көтеріп жүрген кейіпкер Жарас, жеңгетайлықпен мақсатына жетуге тырысып бағады. Жарас рөліндегі актер Асылбек Қапаев түнгі клуб ди-джейі кейпінде ойын-сауықты ұйымдастырушы, бейтаныстарды таныстырушы және мүмкін болған жағдайда табыстырушы қызметінде күйіп-піседі. Әдетте, түнгі клубқа тегін адамдар келмейтінін ескеріп, сумаңдаған тілін тиып ұстап, тек пайда көріп қалуды көздейді. Актер А.Қапаев Жантық тектес кейіпкерлердің кескінін жасауда алдына жан салмайтынын білеміз. Қойылымның байланыстары мен қақтығыстарын тудырып, ақырында шешімін де келістіретін жауапкершілікті арқалаған ол, өз ісінің хас шебері.
Актер Ержан Нұрымбетов кескіндеген Әлібек рөлі атақ-абыройға дәулеті арқылы жеткен бай кейіпкер. Не ішем, не жеймін дейтін мәселе жоқ, қалағанына оңай қол жеткізіп үйреніп қалған адам. Десек те, Айман мен Шолпанды көріп, қайсысын таңдасам деген шешім қабылдау кезінде біраз әбіргерге түседі. Ержанның түр-сипаты, кескін-келбеті, салмақты әрі сабырлы жүріс-тұрысы, үстіне киген аппақ костюмі мен қасына ерген көмекшілері оның бай адам екенінің анық айғағы. Бұлардан бөлек, сөз сөйлеу мәнері, серіктестерімен қарым-қатынас сахналары кейіпкер психологиясын ашық әрі әдемі жеткізеді. Актерлік шеберлігі жағынан да қабілеті мол суреткер бай Әлібекті әсірелемей, әспеттемей-ақ салмақты суреттейді. Өмірлік ұстанымы мен өзіне деген айнымас сенімділігінен, оның Айман мен Шолпанның қайсысын таңдаса да, мақсатына жейтпей тоқтамайтынына көрермен тарапынан сенімсіздік тудыртпайды.
Әлібекке таңдау жасатып қойып, одан қалғанын алып кетейін деп тұрған Арыстан жоқ. Арыстан қазақ батырларының кескініндегі ержүрек кейіпкер. Ақылға онша жүйрік болмаса да, жуан жұдырығына жүгінсе шамалыны жолынан ысырып-ақ тастайтын оның да көп қыздар арасынан ұнағанын таңдауда қақысы мол. Арыстан рөліндегі Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер Сырым Қашқабаев ірі дене-бітімімен, сырт көзге бұзақы көрінетін тентек түрімен өз кейіпкерін одан ары түрлендіре түседі.
Әлібектің алғашқы сахналарындағы характері мен ортада Арыстан пайда болған кездегі мінезінен қызғаншақтық пен тәкаппарлықты еркін аңғаруға болады. Кейіпкер мінезінің құбылуы, қойған мақсатының маңыздылығының артуы екеуара бәсекелестік жалыны тұтанғаннан бастап дами түседі. Қыз таңдап келген кезде жолында біреудің тұрғанын жақтырмай, алдын орап кетуге әрекеттенген қарсылас қимылы намысына тиген Арыстан да қызба, ашушаң қалпынан бастап көтеріле береді. Осы екі кейіпкер арасындағы тартыс қойылымның қызығын артырып, көрерменнің көңілін одан ары бағындыра түседі. Өз мүмкіндіктері мен қажыр-қайратын қыз алу жолында оңды-солды шашқан бәсекелестер арасындағы бақталастық Айман мен Шолпанның бағасын арттырып, қадірін көрсетеді. Жақсысын мен аламын деп желпініп жүріп, ақыр соңы бірі Айманды, енді бірі Шолпанды таңдап, талас аяқталар тұста ойламаған жерден осы ортаға Көтібардың араласып кетуі спектакльдегі тартысты одан әрі шиеленістіре түседі. Драматургиялық шеберліктен туындаған оқиға өрісі кейіпкерлерді де, көрермендерді де әуре-сарсаңға салып қояды.
Пьеса оқиғасының шиеленіске түсетін сахнасы – Көтібар батырдың аяқ астынан астынан оқиға орнында пайда болуы. Келісіп, жарасып жатқан жұптардың арасына түсуі. Көтібар батыр – тарихта бар, өмірде болған адам. Ол – батыр, намысқой, көптің бірі емес, қарапайымдардың қатарынан да емес. Пьесаға нағыз мінез беретін, күлкі де тудыратын кейіпкер.
Көтібар рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұркен Өтеуілов өзінен бұрын келген екі мықтыдан да абыройлы, олардан да биік, беделді екенін бірден білдіреді. Режиссер шешімі заман талабына иілгендіктен, кейіпкер Көтібар сайыс алаңына тікұшақпен келе қалады. Мақсаттар орындалып, қалаулылар қауышуға қалған қызық-думанды, Көтібардың аяқ астынан пайда болуы бір-ақ сәтте тоқтатып тастайды. Бетперде киіп, қару ұстаған оққағарлары сахнаның бұрыш-бұрышын тінтіп, қожайындары үшін табан тіреген аймақта қауіп-қатердің жоқтығына көз жеткізіп алады. Кейінірек өзінің көмекшісімен сауық ортасына келген Көтібар шешімін тапқалы жатқан тартыс үстіне үрей әкеледі. Спектакль жанры музыкалық комедия болғандықтан, айтылған сөз арнайы жазылған музыкамен сүйемелденген. Ал комедиялық міндеттерді осы кезге дейін Жарас атқарып келсе, енді бұған бойы кішкентай, адам шошытатын айбаты жоқ, қожайынының мықтылығына сеніп, өзіне жараспайтын батырлық, дөрекілік іс-қимылдарға сүйенген Көтібардың көмекшісі қосылады. Кезіндегі жасы келген қарттардың өрімдей қызға құда түсуін көрсететін пьесадағы кейіпкер қарт Көтібар бұл спектакльде орта жастағы ересек адам бейнесінде сахнаға шыққан. Орындаушы актер Нұркен Өтеуілов сөзінде зілі, қолында билігі бар кейіпкерді қағаз бетіндегіден әлдеқайда қауқарлы етіп ойнайды. Нұркеннің қылмыс әлемінің қаһарманына айналған кейіпкерді кескіндеудегі актерлік қабілеті қойылым басында мықты көрініп, қорқыныш тудырған Әлібек пен Арыстаннан да асып түседі. Солай болуы да керек!
Спектакльдегі заманауи техника мен қару-жарақ шамадан тыс қолданылғандай көрінеді. Дүңкілдеген музыканың жиі қосылуы мен кейіпкерлердің артық жүріс-тұрысы да режиссер тарапынан реттілікті, жинақылықты талап етеді. Ал ән мен би, түсірілген жарық керегінше орынды пайдаланылған.
Б.Құндақбайұлының «Қай театрдың болмасын даму жолында көне дәстүрдің, ескірген бейнелеу құралдарының өзгеруі, жаңаның оларды толықтырып отыруы – заңды құбылыс. Бірақ бұл процесс күрт өзгерістен тумай, дәстүрдің озығын пайдалана отырып, сахналық өнердің өзіндік диалектикалық заңымен болуы қажет» деген сөзі, режиссер Ә.Оразбековтің осы заңдылықтардан ауытқымай, жаңашылдықты орынды қолданғанын айғақтайды. Әр заманның өз кейіпкері болады дегендей, кешегі күннің батырларын бүгінгі қоғамнан іздеп табудың еш оғаштығы болмаса керек.
М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» пьесасының Қаллеки театрында сахналануындағы ең басты дау тудыратын мәселе жаңашылдыққа деген ұмтылыс болса, режиссер Ә.Оразбеков шығармашылық тәуекелге бару жолында жетістікке жете алды ма?! Режиссер шешім қабылдау кезінде қателікке бой алдырды ма? Әлде маман ретінде өз мансабындағы кезекті бір сәтті жұмысын орындағаны ма? Пьесаны сахналық көрініске айналдыру барысында режиссер нені ұмытпауы керек? Бұл туралы театр сыншылары қандай пікірде? «Театр туралы толғаныстар» кітабының «Бүгінгі режиссура туралы» атты мақаласында белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлы: «Біз ақыл айтудан аулақпыз, біздің айтатынымыз – пьесаның көркемдік табиғатын мүлде бұзып жіберуге болмайтыны. Режиссердің басты міндеті – автор идеясын, көркемдік нысанасын ашу. Бұл – ешқашан өзгермейтін аксиома. Режиссерлік ой-тұжырымның ыңғайына қарай кейде пьесаның әлдебір көріністерінің, диалог-монологтарының орны ауыстырылып немесе қысқартылып жатуы – режиссура жұмысының ерекшелігі», – деген ой айтады. Егер сыншылардың айтқан пікірлеріне сүйенер болсақ режиссер Әлімбек Оразбеков жаңашаландырылған еңбегінде пьесада көтерілген мәселені жойып жібермеген. Сонымен қатар өткен оқиғаны бүгінгі күннің көріністермен ұштастырып, астарлы музыкалық комедия жасап отыр. «Тарихи тақырыпқа бүгінгілік мән, үн беруге тырыспайтын режиссер жоқ. Ал тарихи шығармаға бүгінгілік мән беруді қалай түсінеміз? Біздің ойымызша, ол сұрақ пьесаның идеясында, гуманистік ойлардың жаршысы болған оның жарқын тұлғаларында, ақиқат пен зұлымдық күресін көрсетуінде және зұлымдық атаулының күйреуінде жатыр деп түсінеміз. Осы ұлы мақсат неғұрлым әсерлі, айқын жететін өзінің көркемдік шешімдерін, қалпын тапса, ол қай дәуір туындысы болмасын бүгінгі күн талабына үн қосатыны хақ», – дейді театр сыншысы Қ.Қуандықов. Демек, режиссер О.Оразбеков жаңашылдық туралы ойын, жаңашаландыру негізіндегі бұл жұмысын тек өз жеке басының шешімімен қабылдамағаны анық.
Көрермен көзі сахна төрінен өзін көргісі келетіні, замандастарын іздейтіні айтпаса да түсінікті. Тарихи классикалық дүниені бұрмалап, бүгінгі күннің көрінісіне айналдыру шешімін қолдағандар да, құптамағандар да жетіп артылады. Десек те уақыт өткенімен, заман өзгергенімен жалпы адамзаттық мәселе ешқашан да толастамайтынын және де ғасыр талғамайтындығын ұмытпаған абзал. Қандай бағытқа салсаң да өзектілігі мен табиғатын жоғалтпай тұрған бұл пьеса нағыз классикалық туынды болып қала бермек.
М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» – лиро-эпостық комедиясы тарихи кейіпкерлерімен бай, күлкіге толы көріністерімен қымбат шығарма. Оған қоса байлық пен биліктің, күш пен қабілеттің толастамайтын күресі тағы бар. Режиссер Ә.Оразбековтің бұл пьесаны бүгінгі күнге жақындатып, ондағы кейіпкерлерді өзіміздің қоғамнан іздеу секілді ойлары ақылға қонымды шешім екені де рас. Ұлттық нақышты бүтіндей алып тастап, бүгінгі қазақ қоғамының шынайы бейнесін көрсету шешімі де жасырын емес. Көрермен осы спектакль арқылы өз замандастарын көріп, әсер алып, ой түйсін деген тілектің де жатқаны белгілі. Осы қойылымды заманауи сипатта сахнаға шығарған режиссердің көздеген мақсатына жеткеніне күмәніміз жоқ. Ә.Оразбеков «Айман – Шолпан» комедиясын қою арқылы осы заманауи спектакльді бүгінгі қазақ театры өнеріндегі ерекшеліктердің төбесіне көтеріп тұрғаны да рас.
Бұл пьеса осы күнге дейін қаншама рет қойылды, әлі де талай сахна көреді. Ұлттық классиканы бұрмаламау, өзгертпеу, оларға эксперимент жасамау керек дейтін де пікірлер бар. Десек те қазіргіден заманы ғана бөлек тақырыпты жаңашаландырудың не айыбы бар екен? Режиссер екі дәуірге ортақ оқиғаны бір сахнада байланыстырып отыр. Пьеса кейіпкерлерінің бүгінгі бейнесін де дөп басқан. Классикадан көз сүрінетін қазақ театр өнерінен бір заманауи «Айман – Шолпанға» орын табылмады деген ақылға сия ма? Оның үстіне аталмыш музыкалық комедияның музыкалық театрдың сахнасынан түсіп қалғанына да қайранмын...
Авторы: Театртанушы Нұржан Асхатұлы
Редакция пікірі автор пікірімен сәйкес бола бермейді.