«Өлеңмен сызған портрет». Нұркен Өтеуіловтің сахналық еңбегіне арналады
«ЕЛ АРНА» телеарнасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Өтеуілов Нұркен Әшімханұлын бүгінгі туған күнімен құттықтайды! Көптеген көркем бейнелерді сахна биігіне шығарып, ұлттық театр өнерінің даму жолында ерекше еңбек етіп, тер төгіп жүрген суреткерге шығармашылық ғұмыр тілей отырып, «ЕЛ АРНА» телеарнасының редакторы Нұржан Асхатұлының актер Нұркен Өтеуіловтің сахналық еңбегіне арналған «Өлеңмен сызған портрет» атты өлеңін ұсынамыз.
«Өлеңмен сызған портрет»
Театр. Сахна. Қойылым.
Кейіпкер және көрермен.
Жеткізген автор ой-үнін
Актерлік шебер өнермен!
Астарын ұғып сөзінің,
Әрекет тауып сол үшін,
Өтеуілов Нұркен өзінің,
Өтеуде берік борышын.
Күлкілі кейде қайғылы,
Салмақты бірде сабырсыз,
Асқақтап кеткен айбыны,
Болып та қалған қадірсіз,
Кейіпкерлердің барлығын ,
Тұла бойына тұндырып,
Актердің артып бар жүгін,
Құпия ашып, сыр бүгіп,
Сомдаған рөлі көп еді
Сапасынан аз саны тым
Өтеуіловтің өнері
Бораштан алған бағытын!
Сахнадан татқан таза нәр,
Театралдық санамен,
Қаламгермін деп жазам, ал,
Суретші болсам салар ем:
Абаймен қатар Жарасбай,
Гамлетіңді де айнытпай,
Карлды тұрған жақ ашпай,
Әбутәліпті қайғыртпай!
Өрісі қилы, қысқа-кең,
Шектеулі-шексіз қатынас,
Сол Бозо, Дон Жуан, Скапен,
Федоровский, Батыраш!
Қобыландыда – Қараман
Айман-Шолпанда – Көтібар
Қан мен тердегі – Еламан
Сырласып бәрі отырар!
Сурет қып бәрін жандыра,
Жылы түстермен бояп ең,
Театрлардың алдына,
Картина жасап қояр ем!
Бүгінде бағы қарыштап,
Уақытпен бірге адымдап,
Гамлеттен кетті алыстап,
Абайға келед жақындап!
Еңбек сіңірген қайраткер,
Берері әлі бітпеді,
Кез-келді оны қаймақ дер
Театр дейтін сүттегі!
Талмай жүр талай, бәлен күн
Мұз жанып бойда от еріп,
Қаллеки дейтін әлемнің
Жалауын биік көтеріп!
Қимастық шығар үдеген,
Нұркенді кейде, тіпті мен
Қартаймаса деп тілер ем!
Ертеңін қалай күттірем?!
Он бес шумаққа бөлінер,
Біртұтас біткен бар тілек,
Суреткер көзге көрінер
Өлеңмен сызған портрет!
Авторы: Нұржан Асхатұлы