«ДаКанца Бар» сериалы. «Сахна сыртындағы сыр»
Қандай жолды таңдап, қалай өмір сүру керектігін әркім өзі шешеді. Әрине, адал еңбекпен нан тапқанша, жеңіл жолмен байлыққа кеңелу бір пәсте. Білім алып ізденгенше, дайын асқа тік қасық болу да әлдеқайда жеңіл.
Талантты режиссер Асқар Бисембин өзінің «ДаКанца Бар» деп аталатын жаңа туындысына осы бір өткір тақырыпты арқау етті. Фильмнің сюжеттік желісі бойынша өмірден өз орнын таппаған жастардың тағдыры бір барда тоғысады. Бірі «оқу оқимын» деп қалаға келіп, ақшадан таршылық көріп, махаббаттан жолы болмай жүрген студент. Енді бірі күйеуін соққыға жығып, қалаға қашқан келіншек. Үшінші кейіпкер шалқып өмір сүру үшін егде азаматтың көңілдесі болып, оқудан шығып, үй-күйсіз далада қалған жасөспірім. Ал оларды біріктірген – мейрамхананың қожайыны, әкесіне өзін мойындату үшін кәсіп ашқан байдың ерке баласы.
Осы орайда «Сахна сыртындағы сыр» бағдарламасында кадрдан тыс қалған қызықтар мен тынымсыз еңбектің куәсі болыңыздар!