«Хабар» АҚ басшылығы ҚХР Мемлекеттік хабар тарату және теледидар басқармасының өкілдерімен кездесті
«Хабар» Агенттігінің басшылығы ҚХР Мемлекеттік хабар тарату және теледидар басқармасының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында медиа және коммуникация саласындағы әріптестік, БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты бірқатар мәселелер талқыланды. ҚХР Мемлекеттік хабар тарату және теледидар басқармасы басшысының орынбасары Ян Гожуй бастап келген делегация құрамында Шыңжаң Network, Шыңжаң «Жібек жолы» медиа компанияларының басшылары да бар.
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік тереңдеген сайын, медиа саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың да көкжиегі кеңіп келеді. 2024 жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы болып жарияланғанын атап өткен «Хабар» Агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев екі ел азаматтарының сауда және туризммен қатар сапалы медиа контент пен киноөнімдерге деген сұранысы артқанын атап өтті. Тараптар жаһандық медиа-нарықта болып жатқан өзгерістерді ескере отырып тәжірибе алмасу, технологиялық жетістіктер мен жасанды интелектінің мүмкіндігін телевизиялық жобаларда пайдалану жолдарын талқылады.
Кездесу барысында телевизиялық өнімдер мен алуан түрлі контент алмасу, бірлескен тележобалар әзірлеу жөнінде ұсыныстар талқыланды. Қытайлық әріптестер «24KZ» арнасының телестудиясын аралап, технологиялық мүмкіндіктермен танысты.